«QazaqGaz» ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешов күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық барысында Астана қаласының газбен жабдықтау объектілерін тексерді.

Жұмыс сапары аясында ұлттық компания басшысы ЖЭО-2 нысанындағы газ реттеу пункті, ЖЭО-3 құрылысы алаңы, сонымен қатар, құрылысы жүріп жатқан “Юго-Восток” газбен жылыту станциясына барды. Басқарма төрағасына объектілердің бүгінгі күй-жайы мен объектілердегі газ жеткізетін инфрақұрылым құрылысының аяқталып қалғандығы айтылды.

«Бүгін Елордадағы ЖЭО жылыту маусымына дайындығымен таныстық. Қала әкімдігі энергетикалық жобалар бойынша ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр.  QazaqGaz тарапынан Астананың газ инфрақұрылымы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайын, тұрғындар газбен қамтамасыз етіледі. Барлық облыстағы осындай объектілердің жұмысын пысықтаймыз. Бүгінде өңірлерде күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындық 82%-ды құрайды, белгіленген кестеден озып келеміз», – деді QazaqGaz басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ЖЭО-3 нысанының құрылысы алаңы да тексерілді. Бүгінде қала әкімдігі объектідегі құылыс-монтаж жұмыстарын жасап жатыр.  Объектіні пайдалануға беру 2023-2024 жылыту маусымының қарсаңына жоспарлануда.

Бұдан басқа, Астана қаласының әкімдігі “Юго-Восток” газбен жылыту станциясының құрылысын жүргізуде. Аталған нысан іске қосылғаннан кейін, “Мыңжылдық” деп аталатын жаңа теміржол вокзалының ауданы жылумен қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, аталған нысан құрылысы да белгіленген кестеден бұрын орындалуда.