Қасеев Еркін Зарипұлы1967 жылы 14 тамызында Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Білімі: 1991 - В.И. Ленин атындағы ҚазПТИ, инженер. Жұмыс тәжірибесі: 1991 – 1998 жж – түрлі коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс атқарды; 1998 – 2001 жж. – «Өскемен газ шаруашылығының басқармасы» директоры, «Алаутрансгаз» ААҚ басқарушы директорының орынбасары; |
Серді Ибулла Жұмағұлұлы |
Көшеров Даир Әділбекұлы |
Алдажаров Айтмухаммед Турарбекұлы |
Сайднасимов Марат Абдулазизұлы |
Торғаев Бақытқали Нұрғалиұлы |
Жер астындағы газ қоймасы (ЖГҚ) дегенде, көз алдымызға жерге көмілген цистерналар, танкерлер немесе тағы да сондай үлкен резервуарлар (ыдыстар) елестейтіні рас.
Алайда, бұл қоймалар ондай емес, сығымдалған газ ешқандай ыдыссыз жер астында сақталады. Егер ол тесік тауып, сыртқа шыға бастаса, не болмақ? Жалпы, газ сақтайтын жерасты қоймасы дегеніміз не? Оған жауапты еліміздегі газ қоймаларының бірі туралы жазылған төмендегі әңгімемізден таба аласыз.
Қазақстанда жер астындағы газ қоймалары үшеу – оңтүстік Қазақстан облысындағы «Полторацкий» қоймасы, Жамбыл облысындағы «Ақыртөбе» және бірі Ақтөбе облысында орналасқан «Бозой». Оларда сақталатын белсенді газдың жиынтығы 4,65 млрд текше метрді құрайды. Бұл газ қоймаларын отандық және шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддесіне жұмыс істейтін, Қазақстандағы негізгі газ энергетикалық және газ тасымалдау компаниясы болып табылатын газ және газбен қамтамасыз ету саласындағы отандық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ басқарады. ҚазТрансГаз ортаазиялық өңірде ірі газ тасымалдау желісі және ішкі нарықты газбен қамтамасыз ететін бірыңғай желісі бар тұтынушыларға газды жеткізетін сенімді компания бүгінде жерасты газ қоймалары жүйесін дамытумен белсенді айналысып жатыр. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған сақтау объектілерінің ескіргенін ескере отырып, оның қуаттылығын арттыру, реконструкция жасау, техникалық жаңарту – компанияның стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады.
Биылғы жылы газды жер астында сақтаудың әлемдік тәжірибесіне 100 жыл толыпты, ал Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан “Полторацкий» жерасты газ қоймасының 50 жылдық мерейтойы соған тұспа-тұс келіп отыр. Жерасты газ қоймасының қызмет етуіне табиғи жер қыртысы пайдаланылады. «Полторацкий» ЖГҚ орналасқан жердің қыртысы газ сақтауға өте ыңғайлы, жер астындағы табиғи ыдыста газ шығатын иненің көзіндей тесік немесе ешқандай сызат жоқ. Осы жағынан алғанда, бұл қойма әлемдегі газ сақтайтын ең сенімді табиғи ыдыстардың бірі болып табылады. Еліміздегі осындай сенімді жерасты газ қоймасының пайдаланылып жатқанына биыл 50 жыл болыпты.
Жердің астынан газ сақтайтын қойма жасайтын орын табу үшін жер қыртысындағы газ немесе су жатқан белдеуді табу керектігі белгілі. Жерді тесіп шығатын артезиан суларының қандай күшті қысыммен атқылайтынын бәріміз білеміз. Демек, сол жерден сенімді газ сақтайтын қойма жасауға мүмкіндік бар. Геологтар осындай жерлерді табады, ал газ саласындағылар ондағы суды алып, орнына газ толтырады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында геологтар газ қоймасын жасайтын осындай жер іздеді. 1961-1965 жылдар аралығында қазіргі Полторацкий ЖГҚ тұрған аумақта 35 барлау скважиналары бұрғыланған екен. Содан алынған геологиялық мәліметтер бойынша Полторацкий құрылымындағы, қазірге дейін сығымдалған газ жіберетін қойма тұрған Шанақ коллектор-қыртысы анықталды. Бұл қандай қойма дейсіз ғой? Бұл – қиыршық тас, құм мен керіш аралас босаң қабат. Әлгі қабаттар бір-біріне ауа өткізбейтін керіш қыртыстары арқылы ұштасып жатыр. Мамандардың айтуынша, Шанақ коллектор-қыртысы құрамы бойынша өте күрделі геологиялық құрылым, сондықтан оны газ сақтауға пайдаланғанда мұқият болу керек.
Жердің бұл қыртысын газ сақтайтын қоймаға айналдыру үшін көп жұмыстар істелді. Оның қаншалықты ауқымды екендігін жеткізу үшін 99 скважинаның бұрғыланғанын айтса да болады. Ал олардан басқа қаншама құрылыстар жүргізілді. Полторацкий ЖГҚ жұмысын 1965 жылы, қоймаға тәжірибелік-өндірістік газды жіберген күннен бастады. Алғашында қоймаға тек газды ғана айдады. Оған өте көп газ жіберу керек болды, өйткені қажетті қымысды тудыру үшін газдың бір бөлігі коллектор-қыртысына толтырылды. Бұл газ «буферлік газ» деп аталды. Оның көлемі қоймаға жіберілген газдың шамамен жартысын құрайды. ЖГҚ шығарылатын газ «белсенді газ» немесе «жұмысшы газ» деп аталады.
Қойманың үздіксіз жұмыс істеуі үшін тағы екі жыл қажет болды. Тек 1967 жылы ғана газ қоймасының циклдық пайдалану жұмысы басталды, бұл дегеніміз – газды жер астына циклдық айдау және циклдық шығару. Газ сақталатын жер қыртысының тереңдігі 400 метрден 700 метр деңгейде. Одан алынатын белсенді көлем 350 млн текше метрді құрайды. Полторацкий ЖГҚ содан бері өзінің қорындағы газбен қыс мезгілдерінде де бірдей мөлшерде қазақстандықтарды газбен қамтамасыз етіп, үзбей қызмет атқарып келеді.
Енді жерасты газ қоймалары не үшін қажет деген мәселеге келейік. Полторацкий ЖГҚ негізгі міндеті маусымдық газ тұтынуды реттейтін атратегиялық объект болып табылады. Мәселен, халық жазғы кезде газды аз пайдаланады, ал қыста сұйық отын көп жағылады. Қатты суық болған кездерде Шымкент және Оңтүстік Қазақстан облысының біраз бөлігін газбен қамтамасыз етіп отырған Өзбекстан газ жіберуді азайтады, өйткені өздеріне газ жетіспейді. Қазақстандық газ саласының қызметкерлері «Бізде суық болса бола берсін, тек Ташкентте ауа райы жылы болып тұрсын» деп қалжыңдайтыны сондықтан. Қыстың суығында Полторацкий ЖГҚ-дан газ беріле бастайды. Сөйтіп, қысымның күрт азайып-көбеюін көтермейтін, тұтынушыларды бірқалыпты газбен қамтамасыз етіп отыратын газ тасымалдау жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Қазақстандықтар қысқы уақытта газды емін-еркін пайдалану үшін Полторацкий ЖГҚ жаз кезінде қарқынды жұмыс істейді. Қоймаға газ толтырумен айналысады, ал бұл – өте күрделі және қауіпті жұмыс. Жер үстіндегі құбырдағы қысым қалыптан асып кетпеуі, скважина мен газ айдайтын аппаратты үнемі қадағалап отыру керек. Сәл қателік кетсе, оның арты апатқа соқтырады. Ал енді сәл ғана ұшқын түссе, оның неге апаратыны белгілі. Газ факелі – өте қатерлі апат. Сондықтан газ саласының қызметкерлерінің басты қағидалары – сенімділік және қауіпсіздік. Полторацкий ЖГҚ барлық скважиналар тексерілген және пайдалануға рұқсат бар. Күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Апаттан құтқару қызметімен бірлесіп бұрқақтарға қарсы қауіпсіздіктің алдын алу жұмыстарын жасайды. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді, соған қарамастан олардың біліктіліктерін көтеру бойынша үнемі оқу курстарынан өтеді. «ГАЗПРОМ – ВНИИГАЗ» табиғи газды зерттеу институты авторлық қадағалау жасап, қойманы пайдалану жөнінде кеңес беріп отырады.
Пайдаланылатын құрал-жабдықтардың сапасына қатты көңіл бөлінеді. Қазіргі кезде «ҚазТрансГаз» АҚ техникалық жабдықтау және объектілерді автоматтандыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Полторацкий ЖГҚ тәуліктік өнімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыстар жүргізілді – бүгінгі заманның талабына сай заманауи құрал-жабдықтар пайдаланылған жаңа газ реттеуші пункт салынды, жаңа скважиналар қосылды.
Қысқаша айтқанда, бүкіл энергия жүйесінің стратегиялық объектісі ретінде Қазақстанның жерасты газ қоймасы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді бөлігі болып табылады. Сонымен қатар қазіргі кезде жерасты газ қоймалары әлемдік деңгейде даму үстінде екендігін ескерсек, ҚазТрансГаз аумағынан табиғи газ транзиті өтетін импорттаушы елдермен осы сала бойынша қарым-қатынастарын жақсартып, ынтымақтасуда.
21.10.2024
QazaqGaz-дың HR мамандары персоналды басқару саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті
Әрі қарай оқу
|
18.10.2024
«Денсаулық жылы»: QazaqGaz-да HSE мәселелері бойынша жыл сайынғы стратегиялық сессия өтті
Әрі қарай оқу
|
17.10.2024
«ҮЗДІК МАМАН» ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІ БАЙҚАУЫНЫҢ ФИНАЛЫ
Әрі қарай оқу
|
24.09.2024
QazaqGaz Алматы қаласы ЖЭО сыртқы газ инфрақұрылымының құрылысын аяқтады
Әрі қарай оқу
|